
Асхат Ахмедьяров кеңестік дәуір мен Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінің түйіскен тұсында қалыптасқан суретшілер қатарына жатады және 1990 жылдардан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Оның Қазақстанның тарихи-саяси ландшафтының дамуына арналған жұмысы: сурет, фотография, инсталляция, перформанс сынды сан алуан формада берілген. «Отпен диалог орнату» көрмесінде суретші өнер мен белсенділіктің арақатынасы туралы өз ойын ортаға салады.
Ахмедьяровтың «Балқаш» (2021) инсталляциясы және әсіресе «Бозжыра шатқалын сақтау» (2021) перформансы кеңестік отаршыл «күштеп» модернизациялау тәжірибесін, сондай-ақ бүгінгі күннің жаңа құрылыс деген желеумен салынып, жергілікті экологияға зиянын тигізетін ессіз жобаларын сыни ой елегінен өткізе отырып, экологиялық мәселеге назар аудартады. Суретші жеке және ұжымдық жады тақырыптарын қозғайды және өз шығармаларында мәдени дәстүрлер мен отпен тазарту рәсімі сынды шамандық рәсімдерді жиі пайдаланады. Соңғысы «Күзгі тазару» (2012) және «Отпен диалог орнату» (2019) сынды туындыларда төл заманауи бейнесін тапты. Оның фотосуреттер топтамасын сонымен қатар қазақ қоғамының көшпелі өмір салтынан қалалық өмір салтына көшу үдерісінің поэтикалық және сондай-ақ өткір айшықты көрінісі ретінде де қарастыруға болады. Ахмедьяров өз шығармасында сыни позицияны ирониялық баяндау формасымен үйлестіре отырып, жергілікті проблемаларды жаһандық контексте орналастырып, жалпы адам болмысы мәселесін қарастырып, көпсалалы оқуға мүмкіндік береді.
Еуразияға ерекше назар аударатын мұражай ретінде, M HKA біз Еуропа мен Азия деп атайтын континенттегі мәдениеттердің саналуандығын зерттейді. Сондықтан ол Орталық Азия өнерінің дамуын жіті қадағалайды. Асхат Ахмедьяров туындыларының тұсаукесері - Қазақстандағы «Целинный» заманауи мәдениет орталығымен көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижесі болып саналады. Осы серіктестік аясында «Целинный» мұражаймен жемісті әріптестік орнатып, аймақта жасалған туындыларды сатып алып, жыл сайын M HKA мұражайына сыйға береді. Аталған туындылар «Шағылыс» жинағының бір бөлшегі.
Мәтінді Антверпен заманауи өнер мұражайы (M HKA) ұсынды.